Астанада бір айда 40 бұзақы қамауға алынды - Жоғарғы Сот

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ұсақ бұзақылық үшін Астанада бір айдың ішінде 390 адамға айыппұл салынып, 40 адам әкімшілік қамауға алынды.

Астанада бір айда 40 бұзақы қамауға алынды - Жоғарғы Сот

Бұл туралы бүгін Жоғары Сотта өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті.

 Оның атап өткеніндей, республика  соттарына қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды  қорлап тиiсу, тұрғын жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзумен байланысты iс-әрекеттер  бойынша хаттамалар басым түсуде.

 «Сіздер білесіздер, қазір еліміз бойынша тазалық үшін күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, бір айдың ішінде Астана қаласы мамандандырылған ауданарлық әкімшілік  сотымен ұсақ бұзақылыққа қатысты 438 іс қаралған. Аталған құқық бұзушылық бойынша 390 тұлғаға айыппұл салынса, 40 адам әкімшілік қамауға алынған», - деді О. Петерс.

 Ұсақ бұзақылық  үштен онға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұлға немесе он тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамауға алуға әкеліп соғады. Ескерте кететін жайт, бiр жыл iшiнде бұзақылық қайталанатын болса, құқық бұзушы он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынады.