17:10, 04 Мамыр 2013 | GMT +5
Астанада бір жылда нотариустардың саны екі есеге артты - қалалық әділет департаменті
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бір жылдың ішінде Астанада нотариустардың саны екі есеге артты. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астананың әділет департаментінің бастығы Қанат Мусин айтты.

«Бұл нотариустардың көлеміне көп жылдар бойы қойылған шектеудің күші жойылғаннан кейін орын алды. 2012 жылы нотариустардың саны екі еседен астам деңгейге өсті. Егер де өткен жылдың 1 сәуірінде елордада 283 нотариус болса, бүгінде олардың саны 587-ге жетті»,-деді ол.
Қ. Мусиннің сөзіне қарағанда, барлық нотариустар аттестациядан өтіп, емтихан тапсырып, өздерінің біліктілігін дәлелдей алды. Жалпы, бүгінде нотариалдық қоғамдастық өз ісін тиісті деңгейде атқаруда, сондықтан да әділет департаменті тарапынан оларға қатысты еш наразылығы жоқ көрінеді.
«Дегенмен де біз өзіміздің жұмысымыздың аясында нотариустардың қызметіне тексерулер жүргізіп, заңнама талаптары бұзылған жағдайда жауапкершілікке тартамыз»,-дейді департамент бастығы.