Астанада бірде-бір кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Астанада еңбек қарызына қатысты бірде-бір дау-дамай орын алған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорданың медиа орталығына сілтеме жасап.
Қалалық еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан мәлім еткендей, еңбек дау-дамайлары көбіне кәсіпорынның қызметкерлерге жалақыны уақытылы төлемеуіне қатысты болады.
«Бүгінгі күні еңбек шарттары шеңберінде жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмыскерлері арасында жалақы берешегіне қатысты Астана қаласы бойынша қандай да бір шиеленісті жағдайлар тіркелген жоқ (жалақыны кешіктірудің жеке бірыңғай фактілері бойынша уақытылы шаралар қабылданады және олар жойылады). Мысалы, айыппұл санкцияларын салмай, оларды жою туралы ұйғарымды шығарумен бұзушылықты анықтау тұрғысында объектілерге баруды жүзеге асырамыз, яғни мәжбүрлеу және ұсыну сипатындағы әдіспен жұмыс істейміз», - делінген хабарламада.
Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратына сәйкес, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында ынтымақтастық туралы 18 156 меморандумға қол қойылған.