Астанада бірінші жартыжылдықта туберкулезге шалдығу оқиғалары 15,6 пайызға төмендеді

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Елордада алғашқы 6 айда туберкулезге шалдығу оқиғалары 15,6% төмендеді, ал бұл індеттен көз жұмғандардың саны 32,7% кеміді.

Астанада бірінші жартыжылдықта туберкулезге шалдығу оқиғалары 15,6 пайызға төмендеді

Бұл туралы astana.kz сайтына Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.

Көрсеткіштердің төмендеуіне 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы сеп болған, бағдарламаның мақсаты медициналық қызмет көрсетудің шығынды аз қажет ететін түрлеріне ауысу үшін жағдай жасау арқылы денсаулық сақтау жүйесін қарқынды дамыту болып табылады. Бағдарламаның дамуының негізгі бағыттарының бірі - қоғамда азаматтардың аурулардан, мүгедектіктен және мезгілсіз қаза болу жағдайларын азайту.

Осыған байланысты Астананың әр тұрғынының қалаларда және елордалық республикалық орталықтарда дәрігерді, стационарды және емхананы өз еркімен таңдау құқығына бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында әлеуметтік маңызды ауруларды және олардың туындау тәуекелдерінің факторларын ерте анықтайтын 11 түрлі скринингтік зерттеу арқылы қала халқын міндетті профилактикалық тексеру жұмыстары жалғасуда.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Астана қаласы бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. 2013 жылдың 6 айында 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда мақсатты көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Атап айтқанда, туберкулезге шалдығу оқиғалары 100 000 адамға шаққанда 116,7-ден 98,4-ке дейін, яғни 15,6%-ға азайды. Құрт ауруынан өлім-жітім көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 6,1-ден 4,1-ге дейін немесе 32,7%-ға кеміді», - деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, қатерлі ісіктен көз жұму оқиғалары 12,1%-ға, қан айналымы жүйелері аурулары бойынша бұл көрсеткіш 2,3%- ға төмендеді.

Астанада соңғы жарты жылдың ішінде сәби өлімі көрсеткіші де 100 000 адамға шаққанда 10,8-ден 9,2-ге дейін, яғни 14,8%-ға азайды.

Тұтастай алғанда, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 417 926 адам ауруды ерте анықтайтын скринингтік зерттеумен қамтылды, 5379 патологиялық жағдай, 10 сүт безінің қатерлі ісігі, 2 асқазан обыры мен колоректалды обыр, 1 жатыр мойны обыры және өңештің қатерлі ісігі жағдайы тіркелді.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, барлық жағдайлар бойынша анықталған ауруларды диспансерлеу және емдеу бойынша шаралар уақтылы қабылданды.