Астанада бірқатар көше жөндеу жұмыстарына жабылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол бойында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Астанада бірқатар көшеде көлік қозғалысына шектеу қойылады.
Бұл туралы елордалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қабанбай батыр даңғылының Достық көшесінен №26 көшеге дейінгі учаскесін қайта жөндеу» жобасын іске асыру аясында «Астана қалалық автомобиль жолдары басқармасы» ММ Қабанбай батыр даңғылы мен Орынбор көшесінің (Сығанақ) қиылысында инженерлік желілер құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты ағымдағы жылдың 13-18 мамыры аралығында аталған учаскеде көлік қозғалысына тыйым салынады. Аталған қиылыста көлік кептелісін азайту мақсатында бағдаршамдардың жұмыс режімінде өзгерістер болады.
Асфальт жабынын қайта төсеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Есіл өзенінің үстімен өтетін Сарыарқа көшесіндегі автожол көпірі ағымдағы жылдың 12 мамыры күні сағат 22.00-ден 15 мамыр 06.00-ге дейін жартылай жабық болады.
Сондай-ақ Күмісбеков көшесін қайта жөндеу жұмыстарына орай, оның Кенесары көшесінен Абай көшесіне дейінгі бөлігі және Сейфуллин көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі учаскесі 2017 жылдың 6 мамырынан 1 қазанына дейін көлік қозғалысы үшін толықтай жабылады.
«Елордалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы кептелістерді болдырмау мақсатында қала тұрғындары мен қонақтарына өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес береді», - делінген таратылған хабарламада.