Астанада биыл тұрғын үйлерді жөндеуге 500 млн. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Өркен қала» кәсіпорны ағымдағы жылға арналған бағдарламаны түсіндіру және Астанадағы күрделі жөндеуді қажет ететін 65 тұрғын үйдің азаматтарына төлем жасау бойынша іс-шаралар өткізді.
Қазіргі кезде кәсіпорын Ұлттық экономика министрлігіне 21 тұрғын үйді жаңғыртуға 1 млрд. теңгеден астам сомаға өтінім берді. Айта кетейік, аталған ведомство 2015 жылы тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 500 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. Сонымен қатар бағдарламада халықтың әлеуметтік осал топтары, атап айтқанда, көпбалалы отбасылар; жасына қарай зейнеткерлер; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; 1 және 2 топтағы мүгедектер; жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызмет, ғарышқа ұшуға дайындық немесе ұшу, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; оралмандар; толық емес отбасылар үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған. Бұл ретте тұрғын үй көмегі 70%-ға дейін жетеді. Мысалы, ай сайынғы жарна 4402,19 теңгені құраса, мұндай тұрғын 1320,67 теңге ғана төлейтін болады. Бүгінгі таңда «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ тұрғындарға 70 млн. теңге бөлді. Еске салайық, 2014 жылы бағдарлама аясында 20 көппәтерлі тұрғын үй кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.