Астанада биыл жарты миллион ағаш, 9 миллион түп гүл отырғызылады - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жалпықалалық сенбілікке қатысты.
None
None

Алдын ала берілген мәліметтерге сәйкес, жалпықалалық сенбілікке 100 мыңнан астам адам, жалпы саны 4500 кәсіпорын қамтылып, арнайы 318 автомашина тартылған. Олар бүгін республикада өтіп жатқан «Жасыл жапырақ» шарасы аясында елордада 4307 түп ағаш пен 25 мыңнан астам бұта отырғызбақ. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов сенбілік барысында Көктал кентіндегі Д.Бабатайұлы көшесінде орналасқан №40 орта мектеп аумағында ағаш отырғызуға қатысты. Оның айтуынша, биыл елорадағы ағаштардың саны шамамен жарты миллионға артады. «ҚР Президентінің тапсырмасымен біз қаланы көгалдандыру жұмысына үлкен көңіл бөліп келеміз. Егер де біз былтыр 20 мың түп ағаш ексек, биыл 400 мың ағаш отырғызуды межелеп отырмыз. Егер 3 жыл бұрын жаз мезгілдерінде 2 млн. астам гүл егілсе, қазір біз 9 млн. гүл егеміз»,-деп атап көрсетті ол.

«Жалпықалалық сенбілікте қыстан қалған 190 қоқыс орны тазаланып, 1300 текше метр қалдық қаланың сыртына шығарылмақ. Қалада 4 мыңға тарта жас тал егіліп, 25 мыңдай көшет отырғызылады»,-деді И. Тасмағамбетов.

Елорданың қалалық бөлігі коммуналдық шаруашылықтар жұмыстарының арқасында таза кейіпте сақталуда. Сондықтан қала әкімдігі бүгінгі тазалық шарасын мегаполистің шеткі аудандарында өткізуге көңіл бөлген. «Біз шет аудандарда тек сенбіліктермен шектеліп қоймаймыз, елорда әкімдігі мен мәслихаты қала айналасындағы елді мекендерді дамытудың 3 жылдық бағдарламасын қабылдады. Астанада осындай 20 елді мекен бар. Ол жерлерде абаттандыру мәселесі өте өткір тұр»,-деп атап өткен әкім, «мәселен, Көктал кентінде биылдың өзінде 3 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі»,-деді.

Оның атап көрсеткеніндей, жалпы барлық кенттерде бағдарлама аясында 3 жылдың ішінде 200 шақырым жол, 33 шақырым су құбыры, 110 шақырым электр желісі жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар