Астанада «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасы басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 ақпанда елордамыз Астананың төрінде алдағы «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» мерекесіне орайластырылып, «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты республикалық әскери-патриоттық эстафета өзінің бастауын алатын болды. Бұл шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы ұйытқы болып отыр.
Кең байтақ қастерлі еліміз бойынша өтетін эстафетаның негізгі атрибуты ретінде қан майданның қиын-қыстау күндері, анығында 1941 жылдың 15 желтоқсанында бүгінгі елордамыздың аспаны астында жасақталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін атауға болады.
«Тарих тағылымына тоқталсақ, бұл Жауынгерлік Тумен Ұлы Отан соғысы басталған сәтте 29-шы дивизияның жауынгерлері жауға атойлап шауып, қан майданға кірген болатын. Соңғы демдері мен соңғы сарбазы қалғанша Отан үшін от кешкен бұл дивизияның айбын және жауынгерлік даңқ белгісі кейін Ақмолада жаңадан жасақталған қазақстандық мұрагерлеріне табысталды.Соғыста қазақстандық 72-ші дивизияның жеке құрамы да соңдарына өшпес ерліктің ізін қалдырды. Сталинград үшін болған кескілескен шайқаста олар 64-ші Армияның жауынгерлерімен иық тіресе отырып, қардай бораған ажал оғының астында Отан үшін жан алысып, жан берісті. Иә, осы қан майдан түбінде көптен бері қолға түспей келген соғыстағы жеңістің бері қарағаны ақиқат. Бұл жолда миллиондаған боздақтар жандарын пида етті. Жаужүрек аға буынның өлшеусіз ерлігіне мың тағзым!», - делінген ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осы орайда және бір деректі алға тарта кетсек, ол жауынгерлердің өшпес ерлігі мен Отан үшін отқа түсер қайсарлығына құрмет ретінде 29-шы атқыштар дивизиясына 1943 жылдың 1 наурызында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мәртебесі берілген болатын.
72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының мұнан кейінгі жауынгерлік жорық жолы Курск майданында, одан кейін Харьков, Мерефу, Красноград, Кировоград қалалары үшін, Днепр мен Южный Буга өзендерінен өту, Румыния, Трансильвания, Венгрия, Австрия мен Чехословакияны азат ету үшін болған қыран-кескі шайқастармен жалғасын тапты.
Айтуға оңай болғанмен, сол күндері дивизияның Сталинград түбі мен Прага дейін жасаған майдан жолы - қияметтің тезіне шыдау мен Отан үшін жанқиярлық жолы болатын. Осы аралықта күрзі етікпен қасіреттің қара топырағын толарсақтан кешкен айбынды жауынгерлер бас-аяғы 2 850 шақырымды еңсеріп, жаудан 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етіп, 16 өзеннің қыл көпірінен өткен екен.
Өзінің жауынгерлік жорық жолында дивизия жеке құрамы ұрыстың тек алғы шебінен көрінуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл дивизияның жаужүрек ұландары «отқа күймес, суға батпас, бірегей» деп аталып, ерліктерінің майдан даласына аңыздай тарағаны да шындық.
Ұлы Отан соғысы жылдарында дивизияның 18 мыңнан астам офицерлері мен жауынгерлері орден, медальдармен марапатталса, отыз бірі Кеңес Одағының Батыры атанған.
Ерлік ұрпаққа - ұран. Ол ешуақытта да ұмытылмақ емес. Гвардияшы-батырлардың жарқын бейнелері мен өлшеусіз батырлық істері ұрпақ есінде мәңгілік сақталмақ. Олар Отан үшін қызмет етудің, қажет кезінде туған ел мен жер үшін жан қиюдың жарқын үлгісі мен антқа адалдықты көрсетті.
2014 жылы қараша айында, Ресей Қарулы Күштерінің Орталық мұражайында сақталып келген 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының тұп-тура көшірмесі Қазақстаннан барған ресми делегацияға - «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің Одағы» қоғамдық ұйымының өкілдеріне берілген болатын.
2015 жылдың 10 қаңтарда - «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заңға Президент қол қойылған күні, Ұлттық ұланның ұйымдастыруымен өткізілген «Бабалар дәстүрі - ұрпаққа аманат» гала-концертінде аталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі қастерлеп, сақтау үшін Астанадағы ұландық жедел бригадаға салтанатты түрде табыс етілді.
Ал өз кезегінде, бұл ұйымдастырылып отырған эстафета шарасы бүгінгі бейбіт өмір үшін ажалмен бетпе-бет арпалысқа түсіп, бойындағы қасық қаны қалғанша туған елді қорғаудың өшпес ерлігін көрсеткен жалынды гвардиялық дивизия жеке құрамына тағзым көрсету, майдангерлердің рухтарына бас ию болып табылады. Қастерлі Ту Ұлттық ұланның құрамалық бөлімшелері орналасқан ел аумағындағы барлық қалаларда қолдан-қолға салтанатты түрде табысталатын болады. Ал 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні Ұлы Отан соғысыңдағы Жеңістің 70 жылдығына орай Елордада өткізілетін шеруде ұландықтар Жауынгерлік Туды алып шығуды жоспарлап отыр.
Айтып өтсек, ауқымды іс-шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің ТМД мемлекет басшыларының қол қойған жоспары мен аталған мерейтойды Қазақстан Республикасында айрықша атап өту концепциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
Жеңіс эстафетасы 3 ақпан мен 5 мамыр аралығында өткізіліп, оған Ұлттық ұланның құрылымдық әскери бөлімдері, ардагерлер ұйымдары, орта білім беру орындарының оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студенттер қауымы, қоғамдық ұйымдар мен өзге де мүдделі мекемелердің өкілдері қатысатын болады.
Жауынгерлік Туды салтанатты түрде қабылдап алушы топ құрамы елге еңбек сіңірудің, үздік қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білген офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер, сондай-ақ, ардагерлер және тыл еңбеккерлері ұйымдарының өкілдерінен жасақталады.
Сонымен қатар эстафета барысында Жауынгерлік Туды табыстау рәсімінен өзге майдангер бабаларымызға арналған тағзым шаралары, Отан үшін от кешкен ардагерлер қауымымен кездесулер, өскелең ұрпақты ерлік пен өрлікке баулу сабақтары, әр түрлі көрмелер мен әскери-патриоттық фильмдердің көрсетілімдері ұйымдастырылмақшы.
3 ақпан күні республикалық эстафетаның бастау алуының да өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, дәл 1943 жылдың 2 ақпан күні соғыстың алдағы бағыт-бағдарын, талайлы тағдырын айқындаған Сталинград түбіндегі кескілескен шайқас аяқталған еді. Және қайтара атап өтерлігі, осы майданда көрсеткен ғаламат ерліктері үшін 29-шы дивизияға 72-ші гвардиялық мәртебесі берілді.
92 тәулікке созылатын эстафета барысында 70-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі бас-аяғы 10 000 шақырымнан аса жерге тасымалданып, еліміздің 25 қаласында желбірейді. Эстафета соңында Ту ел жүрегі - Астанаға қайтып оралып, жоғарыда атап өткеніміздей әскери шерудегі құрмет белгілерінің біріне айналмақшы.
72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін салтанатты түрде табыстау мен эстафетаға қатысушы тараптардың кездесу рәсімі Астана қаласында - 2015 жылдың 3 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Қараөткел кентіндегі 5573 әскери бөлімінде өтеді, шара сағат 09:30-та басталады; Қарағанды қаласында - К.С.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында сағат 16:00-де басталады.