Астанада «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін» атты автошеру өтеді

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада 20 тамыз күні кәсіби автошабандоздар мен байкерлердің қатысуымен «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін» атты автошеру өтеді.

Астанада «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін» атты автошеру өтеді

Бұл туралы қалалық ІІД-нің Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«20 тамыз күні Астана қаласы Жол полициясы басқармасының қызметкерлері «Sport rassing» көлікті экстремалды жүргізу машықтарына уйрету мектептері мен «Astana Raiders MCC» байкерлер клубымен бірлесіп, «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін» атты автошеру өткізеді», - делінген ақпаратта.

Автошеру қаланың ескі бөлігінде бастау алып, сол жағалауда «Бәйтерек» монументі маңында аяқталмақ. Сонымен қатар еріктілер елорданың сауда және ойын-сауық орталықтарында флеш-моб ұйымдастырады, жүргізушілерге қауіпсіздік шаралары жайында жазылған жадынамалар таратылады.

Акция шеңберінде байкерлер мен автошабандоздар экстремалды шоу жасамақ. Шараның басты мақсаты балалар арасындағы жол-көлік жарақаттарының және жалпы жол апаттарының артуына қоғам назарын аударту болып табылады. Жол полициясының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 7 айда елордада 339 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 80 апат барысында 2 бала көз жұмды, тағы 80 балғын жарақаттанды.