Астанада «Біздің Президент» кітабының тұсауы кесілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында «Біздің Президент» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Астанада «Біздің Президент» кітабының тұсауы кесілді  (ФОТО)

Басылым мектептердің орта және жоғары сынып оқушыларына, ата-аналарға және ұстаздарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына қызығушылық танытатын барлық оқырманға арналған.

«Біздің Президент» кітабының жазушылар тобына Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің басшысы - «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдар докторы Махмұт Қасымбеков жетекшілік етті. «Біздің Президент» - жанрлық тұрғыдан деректі повесть. Кітапта Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, еліміздің тұңғыш Президенті -Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тағылымды тұлғасы туралы жеңіл тілмен баяндалған. Повесте Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым ауыл баласынан мемлекет басшысы және әлемдік деңгейдегі саясаткер дәрежесіне дейінгі қиындыққа толы әрі таңғажайып жарқын өмір жолы жөнінде айтылады. Кітап тарауларында басты кейіпкердің ғибратты ғұмырының негізгі кезеңдері мен оның тағдырындағы ең есте қаларлық оқиғалар қамтылады. Жалпы алғанда, бұл еңбекте Елбасы өмірбаяны жүйелі әрі тұтастай көрініс тапқан. Былтыр кітап орысша жарық көрген болатын. Биыл оқырмандардың сұранысына байланысты қазақ тілінде шығарып отырмыз», - деп атап өтті Елбасы кітапханасының директоры Бейсенбай Жұмабеков. Оның айтуынша, кітап 30 мың тиражбен шықты. Болашақта оны ағылшын және басқа да шет тілдерге аудару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кітаптың электрондық нұсқасы да кітапхана сайтында орналастырылған.