Астанада бизнес қоғамдастық өкілдерінің арасында алғаш рет спартакиада өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елорда әкімдігінің қолдауымен алғаш рет кәсіпкерлер арасында қалалық спартакиада өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астанада бизнес қоғамдастық өкілдерінің арасында алғаш рет спартакиада өтті

Жарысқа спорттың алты түрінен елорда базарларының 60-қа жуық қызметкері қатысты.

Кәсіпкерлер шағын футболдан, баскетболдан, армрестлингтен, асық атудан, кір көтеруден және арқан тартудан жарысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай сайыстарды өткізу игі дәстүрге айналмақ.

«Елорда базарларынан 12 команда құрылды. Астана әкімі Әсет Исекешевтің ұсынысымен біз бұл спартакиаданы дәстүрлі шараға айналдыру туралы шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта осындай тағы бірнеше жарыс өткізу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», - дейді Спорттық-бұқаралық шараларды өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Сайранбек Әбілқайыров.

Турнирдің қорытындысы бойынша «Қамқор» базарының командасы бірінші орын алса, екінші орын «Оң олжа» базарының командасына, үшінші орын «Көк базар» сауда базарының өкілдеріне бұйырды.

«Біздің арамызда кәсіби спортшылар жоқ, бірақ біздің бүгінгі жеңістеріміз бен жеңілістеріміз біз үшін үлкен мәнге ие. Әріптестерімізбен алдағы уақытта да спорттық жарыстарда жиі кездесіп тұрамыз деп үміттенеміз», - дейді «Шарын» командасының капитаны Серікбай Тілегенов.