Астанада бизнес субъектісі І-ші топтағы мүгедекке 3 миллионнан астам теңге тұратын құрылғыны сыйға тартты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отбасылық демалыстарды өткізуге лайықталған «Asia Park» сауда, ойын-сауық орталығы үстіміздегі жылғы желтоқсан айында ашылған болатын. Бизнестің әлеумет алдындағы жауапкершілігін жете сезінетін Орталық басшылығы, «Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен келісе отырып, І-ші топтағы мүгедек, бұрынғы әскери ұшқыш, Ауған соғысының қатысушысы елордалық Владислав Габидуллинге сатылармен оңай көтеріліп-түсуге мүмкіндік беретін құрылғыны сыйға тартуға шешім қабылдаған. Жапондық механикалық құрылғының құны 3 миллионнан астам теңге тұрады.
Қазақстанның мүгедектер конфедерациясының президенті Иран Омарбековтың айтуынша, жүрек инсультінен кейін арбаға таңылған В.Габидуллин лифтілері істен шыққан көпқабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатында тұрады және оған далаға шығып таза ауа жұту оңайға соқпайды.
И.Омарбеков аталмыш қайырымдылық шарасы, басқа да бизнес субъектілерінің әлеумет алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі деген сенімін білдірді.
Айта кетейік, Астанада 14 мыңға жуық кем-бағал жан тұрады. Оның 30 пайызына арбаның ғана көмегімен жүріп-тұру мүмкін болса, оның 10-15 пайызы аталмыш құрылғыларға мұқтаж.