Астанада бизнесмен жол полициясы инспекторына оқ атты
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада бизнесмен құжаттарды тексермек болған жол полициясы инспекторына қарсы оқ атты. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігіне Жол полициясы басқармасынан мәлім етті.
Оқиға 4 қараша күні сағат түнгі 11 жарым шамасында Республика даңғылы бойында орын алған. Мәселен, Жол полициясы басқармасының қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 36 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан.
Бірақ жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттаманы толтыру барысында автокөлік салонынан бір жолаушы шығып, «Лидер» үлгісіндегі жарақаттайтын тапаншаны Б.Оразбаев есімді полицейге қарай бағыттаған. Екінші полицей Д.Жұмалин 33 жастағы жолаушы, кейін анықталғандай кәсіпкердің қолын бұрап, қорғану әрекетін жасаған. Бірақ кәсіпкер тапаншадан атып үлгерген. Абырой болғанда жарақаттанушылар жоқ. Бұзақының қолынан тапанша алынып, оқиға орнына Астана қаласының Ішкі істер департаменті Шұғыл-тергеу тобы шақырылды.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, кәсіпкер алкогольді ішімдіктің «жеңіл әсерінде» болған, ал жүргізушіге қатысты сараптама мін таппаған. Кәсіпкердің полицейге қарсы оқ атуының себебі әлі анықталған жоқ.
Айта кетейік, өзге бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін хабарланған ақпараттарға сәйкес, кәсіпкердің атқан оғы астаналық полицейлермен бірге кезекшілікке шыққан, ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында елорда көшелеріндегі тәртіпті күшейтуге шақырылған павлодарлық полицейге бағытталды.