Астанада «Благодать» діни бірлестігінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев тұтқындалды - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Жалпы, тынып тұрған, тұнық тұрған табиғатқа тиіспегенге не жетсін! Орал қаласы жанындағы осындай табиғаттың тамаша қойнауы - Шаған өзенінің орта тұсындағы «алақандай арал» еді. Иә, мұндағы сыңсып өсіп тұрған ағаштар мен тал-теректерді облыс орталығына таза дем беретін жасыл белдеу десе де болады. Алайда үш жыл бұрын бұл жабайы қолтықты игереміз, адамның таңдайын қақтыратын демалыс орнына айналдырамыз деген желеумен оны отарлау басталды да кетті. Бұл шабуылдың басы адам аяғы баса бермейтін арал-тоғайға апаратын жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын салудан басталды. Қарап отырсаңыз, аталған жобаның атауы дардай: әлеуметтік нысан деген құлаққа әуезді естілетін көркем сөздермен бүркемеленген. Оның құны 167 миллион теңге құрайды. Алғашында, бұған әртүрлі қоғамдық қорлардан 140 миллион теңге бөлініп, соған сәйкес «БатысЖолҚұрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы тиісті жұмыстарын атқарған. Содан кейін бұл құрылыс толық аяқталмай тұрып қалды. Оған қала тұрғындары мен демалыс саябағына келушілер куә. Әрине гәп басқада, гәп көпірдің керексіз, артық құрылыс екенінде»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Артық қыламын деп, тыртық қылды» деген мақалада.
Осы басылымда «Ауылда жастар азайып барады» атты мақала беріліп отыр. Осыдан оншақты жыл алдында оншалықты аңғарыла қоймаушы еді. Бұл күнде бірден байқалатын болып отыр. Баяғыдай балақайы шүпірлеген, жастары толған ауылдар сиреп барады. Алдан зейнеткерліктен асқан, зейнеткерлікке жақын жандар шығады. Ауыл жұмысынан шаршаған, тіршілік қамын амалсыз арқалаған ағайын араларында тепсе темір үзетіндердің азаюына көздері үйренген, көңілдері көндіккен сыңайлы. «Мұнда не ермек қылсын. Кәсіпке лайық іс жоқ. Мал бағуды, егін егуді қиынсынады. Қалада күзетші болса да күн көрерлік жағдай тартса қалай тұрар. Енді шамалы уақытта біздің орнымызды басатындар қалмаса таңдануға болмас», - дейді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Астана қаласында келген адамдарға дәрі беріп, дуалаған «Благодать» діни бірлестігінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев қамауға алынды» деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінен София Қылышбекова. Діни ұйымның пасторы Б.Қашқымбаевтың қылмыстық әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс былтыр күзде, қараша айында қозғалған екен, алайда қамауға енді алынды. «Астаналық «Благодать» қайырымдылық миссиясы» діни бірлестігі құқық қорғау органдарының назарына баяғыда ілінген. Бұдан екі жыл бұрын осы діни ұйымның негізін қалаушы, миссияның рухани жетекшісі Корея азаматы Ким Сам Сон Алматы әуежайында ұсталған болатын. «Благодать» миссиясын ұйымдастырушы 130 мың долларды елден заңсыз алып кетпекші болған. Ол кеденшілерге бұл ақшаны шіркеулеріне келетін жомарт адамдардың садақасы деп түсіндірген. Бұл жаййында басылымдағы «Адамдарды дуалап, дінге тартқан» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Балалар демалыста бос жүрмейді» атты мақала жарияланды. Үкіметтің кешегі отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері де БҒМ-ның мәселесін қарады. Бұл жолы күн тәртібіне алдағы жазғы кезеңде балаларды сауықтыру, бос уақытын, демалысын ұйымдастыру жайы шығарылды. Министр Бақытжан Жұмағұлов балалардың төл мерекесі күні, яғни 1 маусымда жазғы сауықтыру кезеңі басталатынын жеткізді. Өкінішке қарай, оның барлық балаларды бірдей қамтымайтындығы анықталды. Кейбір өңірлерде оқушылардың басым көпшілігі «Соңғы қоңыраудан» кейін көше шаңын бұрқыратып, бос сандалмақ.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің алда болатын отырысына қатысушылармен кездесу өткізді. Кездесуге Еуропа аэроғарыш және қорғаныс концернінің (EADS) басшылары - президенті Томас Эндерс, президент аппаратының жетекшісі Николас Чамуссин, халықаралық даму жөніндегі бас атқарушы директоры Жан-Пьер Таламони, сондай-ақ, «Эйрбас» компаниясының бас атқарушы директоры Джон Лихи және «EADS Қазақстан» бас директоры Сильвер Дэлонэ қатысты. Кездесу барысында аэроғарыш саласындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанның аталған компаниялармен ынтымақтастығы жақсы қарқынмен дамуда екенін атап өтті. «Сіздердің делегация құрамында келулеріңіз бұл жұмыс жалғасын табатынын білдіреді. Біз бұған дейін де менің Парижге сапарым барысында кездестік. Жасалған келісімдер ынтымақтастығымыздың аясы дәйектілікпен ұлғая түсетінін көрсетеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.