Астанада білім басқармасының бөлім басшысы сотталды

 АСТАНА. KAZINFORM – Елорда прокурорлары білім беру ұйымдарын тексеру барысында лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісін анықтады.

Астанада білім басқармасының бөлім басшысы сотталды
Фото: pexels.com

- Елордалық білім басқармасының бөлім басшысы өзінің қызметтік жағдайын материалдық пайда үшін жеке мақсатта пайдаланғаны анықталды. Тексеру материалдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке беріліп, онда қосымша бірнеше рет пара алу фактісі ашылды. Сот талқылауының қорытындысы бойынша лауазымды тұлға кінәлі деп танылды,- делінген қалалық прокуратура таратқан хабарламада.

Осылайша сот Білім басқармасының бөлім басшысын бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

- Бұл жағдай білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылаудың маңыздылығын және лауазымды тұлғалардың заңды қатаң сақтау қажеттігін көрсетеді,- дейді ведомстводан.

Бұған дейін білім саласындағы жемқорлық фактілер туралы хабарлаған болатынбыз. Айта кетсек, Қызылордада мұғалімдерді жалған бұйрық шығарып, жұмысқа қабылдаған бұрынғы мектеп басшылары сотталды.

Сондай-ақ наурызда 1,6 млрд теңге жымқырған Талдықорғанда Сарқан ауданы бойынша білім бөлімінің бас бухгалтері 8 жылға сотталды.

Одан бөлек Маңғыстау облысында балабақша директоры мен есепшісі сотталды. Олар ата-аналардың төлеген қаражатын өздерінің жеке шоттарына заңсыз аударып, мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

 

Соңғы жаңалықтар