Астанада болашақ көшбасшылар пікір таластырды
ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында елорда мектептерінің оқушыларына арналған «Отбасында лидерлік қасиетке тәрбиелеу» атты пікірталас-сабақ өтті.
Сабақ барысында оқушылар «көшбасшы» ұғымын талқылап, өз бойларындағы лидерлік қасиет неден көрінеді, белсенді өмірлік қағидаң бар ма, өзіңді өзің жетілдіруге, дамытуға ұмтыласың ба, мектепте оқушылардың жетістікке жетуі үшін қандай жағдайлар қажет деген сұрақтар бойынша ой бөлісті.
Сонымен қатар оқушылар «лидер болып туа ма, әлде қалыптаса ма» деген сұраққа пікір алмасу ұйымдастырып, өз пікірлерін жан-жақты саралады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сабақтың мақсаты тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторларды анықтай отырып, оқушылардың бойында лидерлік қасиеттің қалыптасуына ықпал ету болды.
Пікірталас-сабаққа ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Білім басқармасы, «Атамекен» ғылыми-педагогикалық бағдарламалардың авторлары, ата-аналар қоғамының мүшелері, астаналық мектептердің оқушылары қатысты.