Астанада «Болашақ» стипендиясы түлектері үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 шілдеде Астана қаласындағы «Astana Mall» сауда үйіндегі Coworking Multispace-те сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін Bolashak Job Fair-2015 жәрмеңкесі өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерін жұмысқа орналастыруға ықпал жасау бойынша іс-шараның ұйымдастырушылары Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ болып табылады, деп хабарланған орталық сайтында.
Жәрмеңке бағдарламасында жұмыс берушілердің таныстырулары, тестілеулер, кәсіби сұхбат және networking-компаниялардың топ-менеджментін «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерімен бейресми таныстыру қамтылмақ.
Bolashak Job Fair жұмысы шеңберінде Networkingsession өткізу көзделген, онда жәрмеңке қатысушыларымен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арын Орсариев кездесіп, өзінің табысқа жету тарихымен бөліседі. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізгі басымдылықтарын іске асырудағы өз үлестері жайлы қатысушылар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің төрағасы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Данияр Таумұратпен талқылайды.
Жалпы алғанда, «Bolashak Job Fair 2015» кәсіптік жәрмеңкесі еңбек нарығының әлеуетімен танысып, өзінің кәсіби деңгейін бағалағысы келетіндер үшін мүмкіндік беретін бірегей интерактивтік алаң болып отыр. Жәрмеңкеге «Болашақ» бағдарламасының 500-ден аса түлегі мен мемлекеттік және жеке мекемелерден және халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардан 50 жұмыс беруші қатысады деп күтілуде.
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне мына сілтеме бойынша тіркелуге болады.