Астанада «Болашақ» стипендиясының адами капиталды дамытуға қосқан үлесі туралы монографияның тұсаукесері өтті

БАҚ өкілдері және бас редакторлармен кездесуде редакциялық алқа мүшелері кітапта көтерілген басты мәселе - «Болашақ» бағдарламасының түлектері Президенттік стипендия жүзеге асқан жылдарда елдің сапалық адами капиталын дамытуға қандай үлес қосқанын талқылады.
«Қазақстан үшін «Болашақ» стипендиясы бүгінгі күнге дейін білімге негізделген экономиканы құрудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Бүгін көптеген халықаралық стипендиялар туралы бірқатар ірі және терең зерттеулерді кездестіруге болады. Біздегі «Болашақ» бағдарламасын басқа елдердегі әріптестеріміз де белсенді зерттеп жатыр. Сонымен қатар осы тақырып аясында стипендианттардың өздерінің, Назарбаев университетінің профессорларының тақырыптық зерттеулері бар. Көптеген мақалалар мен сұхбаттар жарияланып отырады. Бірақ терең, жинақталған зерттеулер әлі аз. Осыған байланысты «Болашақ» стипендиясының елдің адами және әлеуметтік капиталын дамытудағы тиімділігі мен үлесі туралы зерттеулер жүргізу өте маңызды», - деді Саясат Нұрбек.
Монографияның редакциялық алқасы құрамына «Болашақ» бағдарламасының түлектері және «Болашақ» қауымдастығының мүшелері еніп отыр. Авторлық ұжымның жетекшісі «Болашақ» қауымдастығының мүшесі, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, Қоғамдық саясат институты өткен жылы бағдарламаға шағын әлеуметтік зерттеу жүргізді. Бағдарлама түлектері, жұмыс берушілер мен сарапшыларға сауалнама жүргізу арқылы бірқатар заңдылықтар айқындалды. Респонденттердің көпшілігінің ойынша (83% болашақтықтар) бағдарлама қазақстандық жоғары оқу орындарында қолжетімсіз білім алуға көмектеседі, сондай-ақ сарапшылардың көпшілігі (65%) стипендия жас мамандар үшін әлеуметтік саты рөлін атқаратындығын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша 1993 жылдың 5 қарашасында тағайындалған. 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасы стипендианттарының стипендияның 20 жылдығына арналған мерейтойлық форумы өтті. Осы жылдарда «Болашақ» стипендиясына 11 мың адам ие болды. Қазір жеті мыңнан астам түлек ел экономикасының түрлі салаларында жұмыс істейді.