Астанада «Болашақ түлегі - 2009: әлеуетті игеру» І форумы ашылды
АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы көрме орталығында «Болашақ түлегі - 2009: әлеуетті І игеру» форумы өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумның басты мақсаты - «Болашақ бағдарламасының түлектері және жұмыс берушілер арасында байланыс орнатып, мемлекеттік органдардағы «Болашақтың» әлеуетін арттыру. Ресми ақпарат бойынша қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 3 мыңға жуық қазақстандық жастар әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуда.
Биыл түлектердің 800-ден астамы елге оралып, еңбек етпек. Осы орайда Астанада өтіп жатқан «Болашақ түлегі - 2009: әлеуетті игеру» І форумының маңызы зор.
«Өкінішке орай, бас кезінде «Болашақ» түлектерінің көпшілігі мамандық бойынша еңбек етпей, жекеменшік компанияларда жұмыс істеген еді. Ал мемлекеттік компаниялар, ұлттық кәсіпорындар мен агенттіктерде олардың саны аз болды. Бүгінгі таңда осы олқылықтың орны толып, ел үшін еңбек етуге ниет білдіріп жатқан болашақтықтардың саны артып келеді. Осы орайда бүгінгі форум - түлектер мен жұмыс берушілер арасындағы нәтижелі диалогқа айналады деп сенемін», деді форумның ашылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.