Астанада болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды - брифинг

АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Анықталған деректер бойынша, кеше Астана қаласының маңында болған ірі өрттің салдарынан 14 адам, оның ішінде Ресей Федерациясының 4 азаматы қайтыс болды.

Астанада болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды -  брифинг

Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Оразалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша 14 адамның шығыны бар, тағы екі адам «иіс тию» диагнозымен ауруханада жатыр. Олардың жағдайы тұрақты», - деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні кешке Алматы ауданы, 96-шы көшенің №7 үй мекен-жайында «Астана Пром» ЖШС-нің тапсырысымен салынып жатқан Астана қаласының индустриялық паркінің астықты сақтайтын өндірістік кешенінде ірі өрт болды. Өрт туралы хабарлама 16 сағат 47 минутта келіп түсті.

 А.Оразалиевтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша өрт құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында шыққан. Жалынның шарпыған жалпы аумағы - 11 мың шаршы метр.

Бүгін аталмыш оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 256 бабы, 2 тармақшасы бойынша (өлімге әкеп соқтырған, қауіпсіздік ережелерін сақтамау) қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, аталмыш бап жеті жылға дейін бас бостандықтан айыруды көздейді.