Астанада болған өрттің салдарынан 140 адам жедел көшірілді, оның 90-ы - балалар
АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат - Астанадағы «Жас толқын» жастар орталығында кеше таңертең болған өрттің салдарынан нысаннан 140 адам жедел көшірілді, оның 90-ы - балалар,
деп хабарлайды Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Нысан «Сарыарқа» ауданында, Біржан сал көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Шамамен сағат 09.06-да басталған өртке тораптағы электр кабелінің тұтануы себеп болған. 2 шаршы метрге жайылып үлгерген жалын сағат 09.55-те ауыздықталды. Өрт ошағы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметінің - 32 адам мен техниканың күшімен сағат 10.09-да толық сөндірілді.