Астанада бос орындар жәрмеңкесінде 1200 адам жұмысқа орналастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елордада тіркелген жұмыссыздар саны 1,5 есеге азайды, ал ағымдағы айда 2939 адамды құрады. Салыстырып көрейік, өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 4567 болған. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан хабарлады.

Астанада бос орындар жәрмеңкесінде 1200 адам жұмысқа орналастырылды

Сонымен қатар, Жұмыспен қамту қызметіне 4811 азамат жүгінген, соның ішінде 1181-і еңбекпен қамтылса, 993-і қоғамдық жұмыстарға қатысады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы елорда тұрғындарын жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесін тұрақты өткізеді. Жыл басынан бері қалада осындай 4 шара өткізілді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрмеңке де ұйымдастырылды. Ведомство мәліметтеріне сәйкес, шараға қатысқан 3500 астам адамның 1200-і жұмысқа орналастырылды.

Бос орындар жәрмеңкесі жұмыс іздеуге көмектеседі, онда әр адам лайықты жұмыс орнын табу үшін жұмыс берушілермен тікелей әңгімелеседі, жұмыс шарттарымен және қойылатын талаптармен танысады.

Бұдан басқа, жұмыс іздеушілер zhasmaman.kz интернет сайтында электронды еңбек биржасында бос орындармен танысып, түйіндемелерін қалдыра алады. Сайттағы мәліметтерді 100 мыңнан астам адам қолданған.