Астанада бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жұмыссыздықты жою, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Осыған орай елордалық жастар үшін «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтті. 

Астанада бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке өтті
Фото: Астана әкімдігі

Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, аталған іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» және Сарыарқа ауданының әкімдігі бірлесіп өткізген. 

Мұндағы мақсат – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. 

Астанада бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке өтті
Фото: Астана әкімдігі

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл басынан бері Астанада мұндай жәрмеңке үш рет өткізілген. 

«Жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Оған елорданың 300-ден астам ұйымы қатысып, жас мамандарға 1 000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Ал кезекті өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесінде 40 мекеме жас мамандарға 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынады. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алады», – дейді Neet жастармен жұмыс жасау бөлімінін басшысы Әлфараби Аймақ.

Айта кету керек, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма «Астана жастарымен» бірлесіп, тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Жалпы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 393,4 мың астаналық қатысып, 293,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 143,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.