Астанада бүгіннен бастап Л.Гумилевке арналған онкүндік басталады
АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде көрнекті ғалым Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шара өтті.
ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы,түркі,славян,азиялық және еуропалық халықтарының тарихы туралы ірі еңбектердің авторы, тарихи этнология және тарихи география салаларының әйгілі маманы - Лев Николаевич Гумилевтің (1912-1992) бүгін туған күні. Соған орай университет қабырғасында бүгіннен бастап Гумилевке арналған онкүндік басталады. Оның шеңберінде ғылыми семинарлар, тренингтер, ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған спектакльдер және тағы басқа шаралар өтеді.
«Лев Гумилев басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Менің өмірімнің ең басты мақсаттардың бірі - Еуразия көшпенділеріне лайықты бағасын беру» деген ойын білдіреді. Ол бұл мақсатын орындады. Гумилев бізге мол ғылыми шығармашылығын қалдырып кетті. Этногенез бен пассионарлық теорияларының ең жарқын тұстарын зерттеп, насихаттау - бүгінгі жас ғалымдардың міндеті. Этногенездің түп негізгі өзегі пассионарлық теория болып табылады. Ол бойынша этностар, халықтар 1200-1500 жыл ғұмыр кешеді екен. Кез келген ұлттың, халықтың дамуындағы шарықтау шегі сол жылдардың орта тұсына келеді. Лев Гумилев сұхбаттардың бірінде: «жақын уақыттарда қазақтарды бұрын-соңды болмаған, қуатты пассионарлық өрлеу күтіп тұр» деп айтқан. Сол пассионарлық өрлеу біздің қолымызда», - дейді « Еуразия » ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов.
Лев Гумилевтің мерейтойы ТМД мемлекеттері шеңберінде халықаралық деңгейде де аталып өтеді. Бүгін Ресейдің мемлекеттік Думасының мәжіліс залында аталмыш шаралардың ресми түрде ашылу салтанаты өтпек. Онда Қазақстанның ғылыми және ресми өкілдері қатысады деп күтілуде.
Л.Н. Гумилев «Күміс ғасырдың» атақты ақындары - Анна Ахматова мен Николай Гумилевтің ұлы. Шыққан тегіне байланысты өмірінің көп бөлігінде ол саяси сенімсіз деп саналып, заңсыз қудаланды және 1930-1950 жылдары, өмірінің 14 жылын сталиндік түрмелерде және лагерьлерде өткізді. Алайда, осыған қарамастан ол табандылық көрсетіп, өзі таңдаған сүйікті ғылымына адалдығын сақтап қалды.
Л.Н. Гумилев 1961 жылы Ленинградта тарих ғылымдарынан, ал 1973 жылы география ғылымдарынан диссертация қорғап, екі рет ғылым докторы атанды. 1960-1980 жылдар аралығында Ленинград мемлекеттік университетінде (қазіргі Санкт-Петербор) жұмыс істеді.
Л.Н. Гумилевтің аты мен мұрасы ол тұрған мемлекетке ғана емес, бүкіл әлемге тән. Ол тек орыс ғалымы емес, сонымен қатар еуразиялық, планетарлық масштабтың зерттеушісі.
Кеңестік ресми тарихи ғылым мен этнография өткен онжылдықта Л.Н. Гумилевтің еңбектеріне сенімсіздікпен қарады, ал көбі оның түпнұсқалы ғылыми әдістеріне қарсы болды. 1970-1980 жылдары Л.Н. Гумилевтің идеологиялық түсінік бойынша жұмыстары КСРО-да жарияланбады. Тек 1980 жылдардың аяғында, КСРО-да «жариялылық» және басып шығару еркіндігі келгенде ғана оның еңбектері көп таралыммен шыға бастады. Л.Н. Гумилевтің жұмыстарының осылай көп тиражбен шығу үрдісі ол көз жұмған 1992 жылдан соң да жалғаса берді. Осы уақытқа дейін де бұл үрдіс сақталуда. Міне,20 жыл бойы Л.Н.Гумилевтің кітаптары ғылыми бестселлер болып келеді.