Астанада бүгінде қанша абонент табиғи газға қосылған
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада биыл «Қазгородок» тұрғын алабында газ желілерінің құрылысы басталады, ал «Өндіріс» тұрғын алабы 2026-2027 жылдары толық газдандырылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде елордада «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Теміржолшылар», «Өнеркәсіп», «Оңтүстік-Шығыс», «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный», «Family Village», «Vela Village», «Үркер», «Тельман», «Кірпішті», «Шұбары», сондай-ақ «Ақбидай» мен «Қазақауыл» тұрғын алаптарында және қаланың ескі бөлігіндегі Потанин көшесінің үш шағын ауданында тұрғындарды табиғи газға қосу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
— Газбен жабдықтау желілері шамамен 290 мың тұрғыны бар 19,9 мың абонентке дейін жеткізілді. Газдандыруға жататын халықтың жалпы саны — 300 мың адам. Бүгінде 14,5 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылды, — делінген жауапта.
Сондай-ақ 2027 жылы газбен жабдықтау желілерін 22,3 мың абонентке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл «QazaqGaz Aimaq» АҚ инвестициялық қаражаты есебінен «Қазгородок» тұрғын алабында газ желілерінің құрылысы басталады. Ал «Өндіріс» тұрғын алабын газдандыру 2026-2027 жылдары «кілтті тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Премьер-министр бір айда Қазақстанды газдандыру жоспарын жаңартуды тапсырды.
Бұған дейін Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жеткенін жазғанбыз.