Астанада «Бүкіл әлемдегі бейбітшілікке рухани келісім арқылы» атты мерейтойлық ғылыми-практикалық конференция өтеді

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қорының президенті Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті.
«Біз еліміздегі рухани келісімнің 20 жылдық қызметін талқылайтын боламыз. Рухани келісім қазақстан қоғамына және жалпылай алғанда әлемдік қауымдастыққа не берді деген мәселе төңірегінде ой өрбітеміз» , - деді сенатор.
Шара үш күнге созылады. Шетелдерден көптеген белгілі тұлғалар келеді деп жоспарлануда.
«Біз рухани келісім күнін жыл сайын атап өтеміз. Басты ұрандарымыз - сенім, сыйластық, бейбітшілік және келісім. Жер - ғарыштың кішкентай ғана бөлшегі. Сондықтан біз өз өркениетімізді сақтап қалуға міндеттіміз», - деді Т. Мұхамеджанов.
Сенатордың айтуынша, еліміз рухани келісім күнін 18 қазанда атап өтпек. Дәл сол күні осыдан 20 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін енді алған шақта 1-ші Дүниежүзілік рухани келісім конгресін өткізген болатын. Сол күні тарихта тұңғыш рет бір үстел басына барлық діндердің, діни қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, атақты ғалымдар, мәдениет қайраткерлері бас қосты.
«Конгресті өткізу уақыты жайдан-жай таңдалып алынбады. Дәл осындай конгресті тура 100 жыл бұрын Чикаго (АҚШ) қаласында өткізбек болған, алайда ол бастама жалғасын таппай қалған еді», деді Т. Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, Алматыда өткен конгреске Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдау көрсеткен.