Астанада бұрын істі болғандарға құқықтық және психологиялық жәрдем көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Кәсіпкерлік бастаманы қолдау және жеке ісін ашу» жобасы қолға алынды. Жоба аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарға құқықтық және психологиялық жәрдем көрсету қызметі ұйымдастырылады, деп хабарлады astana.kz.

Астанада бұрын істі болғандарға құқықтық және психологиялық жәрдем көрсетіледі

Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, «Ақталушылық технологиялар мен тұжырымдамалар» қоғамдық қоры 8 жылдан бері аталған санатқа жататын азаматтармен жұмыс істеп келеді. Биыл жоба шеңберінде 345 адам (бұрын сотталғандар) қабылданды. Соның ішінде 25-іне құқықтық көмек көрсетіліп, 300 адамға психологиялық, 25-не әлеуметтік жәрдем берілген. Бұдан басқа, 12 адам жұмыспен қамтылды, үшеуі Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығында арнайы курстан өтсе, 7 адам құжатпен қамтамасыз етілді. Бұл жобаға үш жылда 2200 адам қатысты, делінген хабарламада. Аталған мәселе бойынша, 22-72-01 «сенім телефоны» жұмыс істейді.