Астанада Чехияға жұмысқа орналастырамын деп алдаған күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері азаматтарды Чехияға жұмысқа орналастыруға уәде беріп, олардан ақша алған 31 жастағы күдіктіні ұстады.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлім еткендей, тергеу барысында анықталғандай, күдікті шетелде жоғары жалақылы жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, азаматтардың сеніміне кірген. Осылайша ол кемінде алты эпизод бойынша алаяқтық әрекет жасап, жәбірленушілерден түрлі көлемде ақша алған. Алайда уәде еткен қызметін орындамай, кейін байланысқа шықпай қойған.
— Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Алдын ала есеп бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 800 мың теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Полиция департаменті азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Құқық қорғау органдары шетелге жұмысқа жіберу қызметін ұсынатын ұйымдардың лицензиясы мен заңды қызметін алдын ала тексеруге, келісімшарттың талаптарымен мұқият танысуға және оның заңдылығына толық көз жеткізбейінше ақша аудармауға кеңес береді.
Күмәнді жағдайларға тап болған жағдайда немесе алаяқтық белгілері байқалса, азаматтарға дереу 102 арнасына хабарласу ұсынылады.
Бұған дейін Көкшетау қаласында шетелде жұмысқа орналастыру қызметін көрсетуге байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеліп жатқанын жазған болатынбыз.