Астанада «Челленджер» сериясының турнирі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан теннис туры аясында жүлде қоры 75 мың долларды құрайтын «Челленджер» сериясының халықаралық турнирі басталды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен хабарлайды.
Турнирге әлемнің 20 елінің теннисшілері қатысуда. Олардың қатарында Флавио Чиполло (Италия), Марсель Ильхан (Түркия), Джиллес Мюллер (Люксембург), Константин Кравчук (Ресей), Тацумо Ито (Жапония), Матео Виола (Италия) сынды спортшылар бар. Ал бұл байрақты бәсекеде Қазақстан намысын Андрей Голубев, Евгений Королёв, Денис Евсеев, Тимур Хабибулин, Қуатбек Әбиевтер қорғайды.
Айта кетейік, бұл сериядағы турнирлердің жүлде қоры 35-150 мың доллар аралығында. Мәселен, 2008 жылы турнирдің жалпы жүлде қоры он миллион долларға жуықтаған болатын. Жалпы, жылына әлемнің 40-тан астам елінде 150-дей турнир өтеді.