Астанада «Chevrolet» тізгіндеген мас жүргізуші 6 көлікті соқты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында мас жүргізуші 6 көлікті соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«19 тамыз күні түнгі сағат 02.30-да «Chevrolet Cobalt» маркалы көлікті мас күйінде тізгіндеген 41 жастағы жүргізуші Кенесары көшесімен келе жатып, көлігіне ие бола алмай, түрлі маркалы 6 көлікті қақты. Аталған факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Құқық бұзушының көлігі коммуналдық тұраққа қойылды», - деді қалалық Полиция департаментінен.
Ведомстводан мәлім еткендей, жыл басынан бері елордада алкогольге еліткен жүргізушілер 86 жол-көлік апатын жасаған.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйде басқарған 356 жүргізушіні ұстап, оларды әкімшілік тұтқынға алды және 7 жылға көлік басқару құқықтарынан айырды.
«Елордалық полиция жол-көлік оқиғаларын төмендету және алдын алу мақсатында апатқа алып келетін әрі салдары ауыр болатын жол жүрісі ережесін бұзушыларды, оның ішінде көлікті мас күйде басқаратындарды анықтау жұмыстарын жандандырды. Осыған орай департамент тарапынан «Мас жүргізуші – қылмыскер!« жедел алдын алу шарасы аясында рейдтік шаралар тұрақты жүргізілетін болады. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті елорда тұрғыдарынан жүргізілетін шараға түсіністікпен қарауға шақырады. Егер сіз автокөлікті мас күйде басқару фактісіне куә болсаңыз, онда 102, 71-65-12 телефон нөмірлеріне хабарласуды өтінеміз», - деді департаменттен.