Астанада цирк өнерпаздарының қатысуымен «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Астанада цирк жұлдыздарының халықаралық фестивалі басталды. Онда Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің белгілі өнерпаздары қатысуда. Бұл шара осымен екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр фестивальға үш ел қатысқан болатын, осы жылы Өзбекстан мен Қырғызстан қосылып отыр. Аталған шараны енді Астана күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отыруды жоспарлаудамыз», -деді елордалық цирктің бас директоры Бекболат Байсағатов.
Оның айтуынша, биылғы жылғы фестиваль әр елдің ұлттық нақышымен ерекшеленіп отыр. «Биылғы шара әр елдің ұлттық киімдерімен, музыкасымен, сондай-ақ қойылымдарымен ерекше. Мәселен, Қытай циркінде ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан өздерінің дәстүрлі мәдениетіне үйлескен гимнастардың қойылымдары бар»- деді бас директор.
Б. Байсағатовтың сөзіне қарағанда, фестиваль шілденің 5-і мен 6-сы күндері, сонымен қатар халықтың сұрауы бойынша кейіннен бұл шара шілденің 11-і мен 12-сі аралығында өтеді.