14:23, 07 Маусым 2023 | GMT +5
Астанада дәмхананың жазғы алаңынан өрт шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Астанадағы дәмханада болған оқыс оқиға туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«7 маусым күні сағат 12:57-де Алматы ауданының Қажымұқан көшесі, 1 мекенжайында, «Ренессанс» дәмханасында екі жазғы самалжай өртенді. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері оқиға орнына дереу жетті. Сағат 13:13-те 60 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сөндірілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген ресми ақпаратта.
Ведомство мамандары дәмханадағы дүмпудің неден болғанын түсіндірді.
Нысанда газ баллонының жарылғаны туралы мәлімет расталған жоқ.
«Ауа мен газ қосындысынан тарсыл шыққан. Ешкім зардап шекпеді», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.