Астанада «Даму» қорының инвестициясына шиналарды маусымдық сақтайтын орталық салынды
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кезекті жоба қаржыландырылды. Астана қаласында шиналарды маусымдық сақтайтын орталық ашылды.
«ШинОтель» орталығы Қазақстан, Австрия және Германия елдерінің бірлескен жобасы және ол Италия мен Германияның озық технологияларымен жабдықталған.
«ШинОтель» ЖШС-ның директоры Қанат Абаевтың сөзіне қарағанда, шиналарды маусымдық сақтау тәжірибесі Еуропада кеңінен қолданылып келеді, ал кейінгі уақытта Қазақстанға сіңісе бастады. Жобаны «Цеснабанк» «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген 12,5 пайызбен қаржыландырды.
«Жұмсалған қаражат бір жарым жылда ақталады деп күтілуде. Орталық әзірше 5 мың комплектіні (бір комплект - төрт доңғалақ) сыйдыра алады. Алдағы уақытта оны 10 мыңға жеткізу көзделіп отыр», - дейді ол.
«Қазір гараждар мен тұрақтар сырылып жатыр. Ал көпқабатты үйлерде шиналарды сақтау қиындық туғызады. Оның үстіне, егер бір отбасында бірнеше көліктен болса. Шиналарды сақтау құны көлеміне қарай 6 айға 15 мың теңгеден жоғары болады. Доңғалақтарды орталықта ауыстыруға, жууға ақы қосымша алынады», - деді ол.
Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Ертуғановтың айтуынша, мұндай инновациялық жобалардың ашылуына әкімдік қашан да қолдау білдіреді. Бұл алдымен - дамыған, қазіргі Астананың деңгейіне лайықты халықаралық стандарттарға сай сапалы қызмет, екіншіден, жаңа жұмыс орындары.