Астанада дәрігерлер Денсаулық күнін атап өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері Дүниежүзік денсаулық күнін атап өтті. Аталған мереке ДДСҰ-ның жарғысы ратификацияланған сәттен бастап 1950 жылдан бері мерекеленіп келеді.
Елорданың ресми сайтының хабарлауынша, қалалық емханалар мен ауруханаларда жұмыс күні таңғы жаттығу жасаудан басталды. Спорттық шараға медицина қызметкерлерінен басқа, денсаулық сақтау мектебінің оқушылары мен келушілер қатысты.
«Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада және «Денсаулық» бағдарламасында халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын, ортақ жауапкершілік туралы үндеулер жазылған. Бүгінгі мақсатымыз - әрбір қала тұрғынына салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігін жеткізу», - дейді №2 қалалық емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Анар Салықова.
Спорттық шараға қатысушылар «Қара жорға» биін билеп, командалық сайыстарда күш сынасты.
ДДСҰ Дүниежүзілік денсаулық күнін жыл сайын белгілі бір тақырыпқа орайластырып, насихат жұмыстарын жүргізеді. 2016 жыл «Диабетті жеңеміз!» ұранымен өтпек. БҰҰ Бас хатшысы және ДДСҰ бас директоры өздерінің жыл сайынғы жолдауларында Дүниежүзілік денсаулық күніне ерекше назар аударған.