Астанада дәрігерлік амбулаториялар тұрғын үйлердің астында ашылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жыл соңына дейін отбасылық дәрігерлік амбулаториялар ашылатын аудандар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Астанада дәрігерлік амбулаториялар тұрғын үйлердің астында ашылуда

Елордада «Үйдегі дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториялар жобасы іске асырылуда. Биыл тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында орналасқан үш амбулатория ашылды. Олардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды. Бүгінде «үйдегі дәрігерлер» «Жағалау» жаңа шағын ауданында, А.Бараев көшесінің халық тығыз қоныстанған аумағында, «Сказочный мир» тұрғын үй кешенінде орналасқан.

«Жыл соңына дейін «Өндіріс», «Пригородный», «Оңтүстік-Шығыс», «Шұбар» шағын аудандарында дәл сондай дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ ЭКСПО аумағында медициналық кешенмен қоса 350 адам қабылдайтын емхананы ашу жоспарда бар. Бұл жеке инвестицияларды тартудың арқасында 1,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді», - делінген Астана қаласы Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының» деректеріне сәйкес, елорда халқының саны бүгінгі күні 1 083 192 адамға жетіп отыр.

Қалада 557 дәрігерлік учаске бар. Бір дәрігерге шаққанда тиетін орташа жүктеме 2 087 адамды құрайды. Осыған орай жыл соңына дейін 68 жалпы тәжірибелік дәрігерлік учаскені ашу көзделген. Бұл, әр учаскедегі адам санын 1700-ге жеткізуге мүмкіндік береді.