Астанада «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы Ұлттық музыка академиясының «Шабыт» өнер университетінде ҚР Үкіметінің «Дарын» - Мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Астанада «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Биыл аталған сыйлыққа 10 аталым бойынша 20 адам ие болды.

Сонымен, "Дарын" сыйлығының иегерлері болып «Театр және кино» аталымында ҚР Президенті телерадиокешенінің режиссері Жанар Жұмабаева, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлары Назгүл Қарабалина және Жандарбек Садырбаев танылды. Ал «Әдебиет» аталымында «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді даму институты директорының орынбасары Ақберген Елгезек, «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаев және Ақмола облыстық Халық шығармашылығы орталығының бас редакторы Алмас Темірбай "Дарын" сыйлығын жеңіп алды.

«Журналистика» аталымы бойынша «Қаламгер-медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжанов, «Хабар» агенттігінің тележургізушілері Берік Құрманғали және Ренат Кертаев, «Эстрада» және «Классикалық музыка» аталымы бойынша Сүйінбай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Ерболат Құдайбергенов және Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі Азамат Желтұрғызов, «Халық шығармашылығы» аталымы бойынша Мұрагер Сауранбаев пен Батыржан Мықтыбаев, «Дизайн мен бейнелеу өнері» аталымы бойынша Гүлназым Өмірзақ пен Елдос Бексұлтан, «Ғылым» аталымы бойынша ҚР Ұлттық ядролық орталығының Ядролық физика институтының Астанадағы филиалының басшысы Максим Здоровец, «Қоғамдық жұмыс» аталымы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының Атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов және «Болашақ» стипендианттары қауымдастығының Атқарушы директоры Жанна Төлегенова, ал «Спорт» аталымы бойынша Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары Елена Шалыгина және Нұрмахан Тыналиев "Дарын" сыйлығының иегерлері атанды.