Астанада дәстүрлі «Бұрқасын - 2024» шаңғы фестивалі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қысқы спорт маусымына арналған дәстүрлі «Бұрқасын 2024» шаңғы фестивалі өтеді.

бұрқасын
Фото: Астана спорт басқармасы

Астана қалалық спорт басқармасы мәлім еткендей, аталған дода 24 ақпанда Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда өтеді.

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақтияр Масанов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде іс-шараның өткізіу туралы атап өтті.

«Ең алғаш «Бұрқасын» шаңғы мерекесі 2000 жылы өтті. Жылдан жылға спорттық дәстүр елорданың қысқы маусымының бір бөлігіне айналып келеді. Жарыс 24 ақпанда Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда өтеді. Тіркеу сағат – 9.00-де, ашылу салтанаты сағат 11.00-де өтеді. Іс-шара жыл сайынғы қысқы фестиваль бағдарламасы аясында спорттың 10 түрінен өтеді. Олар: шаңғы жарысы, гір көтеру, қол күресі, белбеу күресі, арқан тартыс, хоккей, нысана көздеу жарыстары, мотоспорт және қысқы футбол», - деді ол брифингте.

Айта кетейік, шаңғы турниріне жас топтарына сәйкес келетін және спортқа қарсы көрсетілімдері жоқ кез келген адам қатыса алады. Сол сияқты дәрігердің рұқсаты да қажет. Тіркелу және өтініш беру керек.

Әр жас тобы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталады.