Астанада дәстүрлі орындаушылардың Ә.Қашаубаев атындағы VІІІ республикалық конкурсының лауреаттары анықталды
Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, Ә.Қашаубаев атындағы Республикалық конкурсы еліміздегі дәстүрлі әндерді насихаттауға арналған және ұйымдастыруы, қойылымы жағынан алдыңғы қатарда жүретін бірден бір мәдени шара болып есептеледі. Себебі оның тарихы кеңес уақытынан басталады.
Биылғы жылы конкурстың жүлделі ордары үшін еліміздің түпкір-түпкірінен келген 16-дан 35 жасқа дейінгі 37 орындаушы бақ таластырды. Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеуханның айтуынша, мұнда қатысуға ниет білдіргендердің ішінде мектеп жасындағы жас балалардың саны көп болған. «Бұл бұрын-соңды Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың тарихында болған жоқ»,-деп атап көрсетті бас қазы.
Дегенмен байқаудың бас жүлдесі ешкімге бұйырған жоқ. Қазылар алқасының шешімі осындай болды. «Көкейлеріңізде күдік болмасын, тап бүгінгі қатысқан 37 адамның ішінде гран-при жүлдесін ала қоятындай ешкімнің болмағаны өкініш емес, бұл - қамшылау, қайрау деп түсінсеңіздер дұрыс болады»,-деді Б. Тілеухан жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде.
Сонымен, байқаудың екінші жүлдесін Еркебұлан Қасымов, Гүлдана Ноғайбаева алды. Үшінші жүлде Аллажар Қайбар, Сәттіғали Нұрдәулетов, Санат Исаев сынды күміс көмей әншілерге берілді. Лауреаттардан бөлек, ҚР Мәдениет министрлігінің «Үкілі үміт» аталымында Оразәлі Жаңабаев, Әділет Исмайылдың өнерлері еленді. Ал тағы бір дарынды қатысушы Талғат Молдағалиев байқаудың Қали Байжанов атындағы арнайы жүлдесін қанжығаға ілді.
Қатысушылар конкурс талаптарына сәйкес алдымен халық әншілері мен композиторларының әндерін орындауы тиіс болды, сондай-ақ домбыра, қылқобыз тағы да басқа қазақ ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен Ә.Қашаубаевтың әндерін, қазіргі композиторлардың шығармаларын орындаулары шарт болатын.
Әміре Қашаубаев еліміздің мәдени және тарихи болмысындағы ірі тұлға. Оның орындауындағы «Қызыл бидай», «Үш дос», «Жонып алды», «Ардақ», «Келіншек», «Балқадиша», «Дударай» әндері қазақ елінің рухани байлығы мол және өнерлі мекен екендігін айқын көрсетеді. Сондай-ақ Ә.Қашаубаев Еуропаға қазақ әндерін алғаш паш еткендер қатарынан табылады. Мәскеу, Париж, Майндағы Франкфурт қалаларында өнерсүйер қауым Әміре арқылы қазақ халқының болмысын таныған.
Мәдени іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен «Қазақ әуендері» АҚ-ның мұрындық болуымен өтті.