Астанада Даун синдромына шалдыққан балаларды қолдау мақсатында шаңғы жарысы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Астанада Даун синдромына шалдыққан балаларды қолдау мақсатында «Солнцекросс» шаңғы жарысы өтті, - деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

Астанада Даун синдромына шалдыққан балаларды қолдау мақсатында шаңғы жарысы өтті

«Шараға барлығы 70 шаңғышы қатысты. Балаларға аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері жақсы көңіл күй сыйлады. Айрықша балалар мен қонақтар үшін ең қатты әсер еткені иттерді сипап көріп, олармен бірге суретке түсіп, тіпті иттер жегілген шанамен де жүріп көрді! «Babi» дәмханасы тәтті-дәмді мен шай ұсынды», - дейді ұйымдастырушылар.

Жарыста балалар мен ересектер арасында 6 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ең кішкентай спортшылар 50 метр қашықтықта жарысып, барлығы ынталандыру сыйлығына ие болды. Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар: Набен Бақытжан - 1 км қашықтықта ұлдар арасында 1 орын, Оспан Ескендір (2 орын) және Молдияр Абай (3 орын).  Осы қашықтықта қыздар арасында Даун синдромы бар Анастасия Федорова бірінші келді. Екінші орын - оның сіңлісі Эвелина Федоровада, үшінші орында - Екатерина Борулько.

Ересектер екі қашықтықта жарысты. Әйелдер арасында 1 км қашықтықта Шынар Қалиева 1 орын алса, екінші орын Күнсұлу Мұхамеджановаға, үшінші орын Мәдина Кәрімоваға бұйырды. Ерлер арасында Аужани Дәурен - 1 орын, Батырхан Әлиев - 2 орын Әділбек Тоқай -үшінші орын.

Ең ұзақ қашықтықта ерлер арасында қызу күрес болды. Нәтижесінде Андрей Герасименко бірінші, оның ізін ала Сергей Прохоров және Александр Верещук мәре сызығына жетті.  3 шақырымда Әсия Тикеева, Зейнеп Нұрғалиева, Сәуле Серікбаева үздік үштіктен көрінді.
Шараны «Солнечный мир» қоғамдық қорының бастамасымен елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының, ҚР Ұлттық шаңғы жарыстары федерациясының және №2 «БЖСМ» КМК спорт мектебінің қолдауымен ұйымдастырылды.  

null  

Атап өтерлігі, Астанада Даун синдромы бар үш жүзден аса бала бар. Бұл балаларға толыққанды даму үшін үздіксіз оңалту шаралары қажет. Қайырымдылық шаңғы жарысынан түскен қаржы айрықша қажеттіліктері бар балалардың дамуы мен оңалуына жұмсалады.