Астанада дауыл: құтқарушылар ағаштардан аулақ жүруге кеңес береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық құтқарушылар елорда тұрғындарына дауылды күнге арналған кеңестерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«6 наурыз күні Астанада күн құбылмалы, күндіз жауын-шашын (қар, жаңбыр), көктайғақ болады. Жел алдымен оңтүстік-шығыстан, кейін оңтүстік-батыстан 9-14 м/с, күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен соғады, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 4-6 градус нөлден төмен, ал күндіз 3-5 градусқа дейін жылы болады. Осыған орай құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істейді», - деп мәлімдейді ТЖД Фейсбуктегі парақшасында.
Құтқарушылар Астана тұрғындары мен қонақтарына абай болуға, ауа райының өзгерістері және оған байланысты шектеулер жайындағы хабарларға үнемі құлақ түре жүруге, жел күшейгенде мүмкіндігінше ғимараттан шықпауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, көшеде ағаштардан, жарнама тақталарынан, электр сымдарынан, бағандарынан ары жүруге кеңес береді.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде «112» нөміріне хабарласуды сұрайды.