Астанада демалыс сайын мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – 12 тамыздан бастап Астананың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Астана коммуникациялар орталығында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана қаласының аудан әкімдіктері инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, тамыз айының демалыс күндері Байқоңыр ауданында «Аймақтау» сауда орталығы, Нұра ауданында – цирк тұрағы; Сарыарқа ауданында – Ш. Қосшығұлұлы көшесі, 14-үй маңында, Алматы ауданында – Абылай хан көшесі, 20-үй маңында, Есіл ауданында – Ботаникалық саябақ тұрағында мектеп жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта аталған жәрмеңкелерге дайындық жұмыстары жүріп жатыр
, - деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Қасымхан Сенғазыев «Мектепке» жол акциясы аясында 22 мыңнан астам балаға көмек көрсетілетінін айтқан еді. Атап айтқанда, Астанада жағдайы төмен отбасы балаларына 41 мың теңгеден беріледі. Бұл көмекті алу үшін ата-аналар мектепке жүгінуі қажет.
Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылында Астанада 255 мың бала білім алады. Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ, Астананың білім басқармасы қала тұрғындарынан мектепке себепсіз бармайтын балалар туралы хабарлауды сұрады және тиісті рейд жүргізіп жатыр.