Астанада денсаулық акцияларына 300 мыңнан астам адам қатысты

ТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Биыл Астанада «Денсаулық фестивалі» жыл сайынғы акциясы аясында 300 мыңнан астам халық спорттық шараларға тартылды.

Астанада денсаулық акцияларына 300 мыңнан астам адам қатысты

Бүгін ұйымдастырушылар 2011 жылы елордада бүкілхалықтық сипат алып, өз талап-деңгейінде жүзеге асырылған спорттық шараларды Жастар сарайының алаңында өткізілген концертпен қорытындылады.

Дәстүрлі шара биыл «Спорт және дене белсенділігі - ұлт денсаулығының кепілі» ұранымен өткізілген болатын.

«Денсаулық фестивалі» аясында жыл ішінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы күнге дейін жасалған денсаулық акцияларына 300 мыңнан астам адам қатысты», - деді Астана қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрманов агенттік тілшілеріне берген сұхбатында.

Бүгінгі концерт барысында таэквандо, каратэ және гимнастика спортшыларының қатысуымен шоу өтті.

Шараның негізгі мақсаты - салауатты өмір салтына Қазақстан азаматтарын көптеп тарту. Жыл сайын бұл акцияға ел бойынша 5 миллионға тарта адам қатысып келеді және ол әртүрлі ұранмен өткізілуде. Мұндай фестиваль алғаш рет 1999 жылы «ХХІ ғасырда баршаның денсаулығы үшін» ұранымен өткен еді. Биылғы «Денсаулық фестивалі» бұқаралық спортқа арналып отыр.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруды кеңінен насихаттауды мақсат еткен игі істің ұйытқысы болған - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.