Астанада «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қазан айында астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтеді

Шараны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Зерде» холдингі, Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі «Қазақтелеком» АҚ, ERG және BTS Digital-мен бірге ұйымдастырып отыр.

«Зерде» ҰАХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышевтің айтуынша, форумда Қазақстандағы цифрлық экожүйенің өзекті мәселелері талқыланады. 

«Digital Bridge» форумын өткізудегі басты мақсат – Қазақстанның инновациялық экожүйесі қатысушыларының арасында диалог алаңын құру, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер арасындағы заманауи технопарктер тізбегін қалыптастыру.

Форум аясында өтетін басты шара - Next Tech Entrepreneur Forum стратегиялық сессиясы. Онда болашақтағы білім беру, венчур қаржыландыру, киберспорт, бизнес-инкубация, цифрлық медиа сияқты тақырыптар талқыланады. Әрі қатысушылар арасында B2B кездесулер өтеді.

Сондай-ақ форум аясында Қазақстанның ІТ-индустриясын дамытуға үлес қосқандар марапатталатын Astana Hub Awards салтанаты, технологиялық стартаптардың сайысы – Astana Hub Battle өтеді.

Бұдан бөлек, «Digital Bridge» форумы аясында Astana IT University және Alem бағдарламалау мектептері ресми түрде ашылады, «Digital ХҚО» сервистері көрсетіледі. 


Автор: Сара Қабиқызы