Астанада домбырашылар «Елім деп соғады жүрегім» флешмобын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 сәуір күні елордадағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында «Болашақ» қауымдастығы кәсіби домбырашылардың қатысуымен «Елім деп соғады жүрегім» атты патриоттық флешмобын өткізді, деп хабарлайды аталмыш қауымдастықтың баспасөз қызметінен.

Астанада домбырашылар «Елім деп соғады жүрегім» флешмобын өткізді

Шараның мақсаты - ұлттық өнерімізді дәріптеу арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту болды. Онда өнерпаздар флешмоб тақырыбын бейнелейтін қазақтың әйгілі әсем күйлерін бірінен соң бірін төгілтті.

Акция кешенге келушілер үшін күтпеген оқиға болды. Жұртшылық музыканттарға қарап, өздерінің таңданыстарын жасырмаса да, балалық шақтан таныс ұлттық саздар ойналғанда музыканың әуеніне ілесіп, қол шапалақтай бастады.

«Ұлттық күйлерімізді тыңдағанда мен қатты қуандым. Қаламызда осындай патриоттық флешмобтарды ұйымдастыру өте жағымды шара. Біз, әсіресе, жастар ұлттық әуендерімізді жиі тыңдап тұруымыз керек», - деді қала тұрғыны Бағлан Ерланов.

Осылайша, Астана қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің домбырашылар оркестрінің орындауындағы қазақтың аңызға айналған күйлері сауда үйіне келушілердің құлағының құрышын қандырды.