Астанада дөнер дүңгіршегіндегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана дөнер дүңгіршектерінің біріндегі газ баллонының жарылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада дөнер дүңгіршегіндегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

«Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.  ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 1-бөлімі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Өрт-техникалық сараптамалар тағайындалды. Көшеден кездейсоқ өткен бір жаяу жүргінші әйнек сынықтарынан зардап шекті. Оған медициналық көмек көрсетілді», - деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова.

Бұған дейін хабарланғандай, 23 қараша күні сағат 17:47-де Манас көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. Өрт орнына келген бірінші өрт бөлімшесі дүңгіршекте газ баллонының жарылғанын және 40 шаршы метр аумақтың өртенгенін анықтады.