Астанада Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2028 жылы Астанада тұңғыш рет Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді. KAZENERGY қауымдастығы және Дүниежүзілік мұнай кеңесінің басшылығы Лондонда кездесіп, арнайы меморандумға қол қойды. Конгресте халықаралық энергетика нарығындағы күрмеулі мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары ұсынылмақ, деп хабарлайды Kazinform-ның Ұлыбританиядағы тілшісі.
Дүниежүзілік мұнай конгресін Қазақстанда өткізу туралы өтінім KAZENERGY қауымдастығы тарапынан бұған дейін де берілген. Бірақ осы жолы ғана кеңеске мүше елдер түгелдей еліміздің кандидатурасын қолдады. Енді 4 жылдан кейін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары лауазымды қонақтар келіп, энергетика саласының болашағын талқылайды.
«Конгресс бізге не береді? Біріншіден, Қазақстанға жаңа технологияларды, инвестицияларды тартуға өз септігін тигізеді. Қазақстанды энергетикалық держава ретінде жаңа қырынан ашады», — дейді KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кету керек, конгресті өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Шығындарды Дүниежүзілік мұнай кеңесі және қатысушы елдер өз мойнына алады. Шара басталмас бұрын тараптар дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізбек. Ал аяқталған соң Атырау қаласында мұнай мұражайын ашу жоспарланып отыр.
«Дүниежүзілік мұнай кеңесі 1933 жылы Лондонда құрылды. Қоғамдық ұйымға 57 мемлекет мүше. Олардың үлесіне әлемдегі мұнай мен газдың 95 пайызы тиесілі. Қазақстан 2008 жылдан бастап кеңеске мүшелік етіп келеді. Конгрестен күтеріміз көп»,— деді Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Педро Мирас.
Кең ауқымды шара бұған дейін АҚШ, Түркия, Канадада өткізілсе, 2026 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ұйымдастырылмақ. Ал одан кейін шетелдік қонақтарды Астана қабылдайды.
«Іс-шаралық және іскерлік туризм тұрғысынан алып қарасақ конгрестің Астана үшін берері көп. Бұдан бөлек қаламыздың және сәйкесінше еліміздің экономикасына инвесторлар тартылады деген үмітіміз бар», — деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Қазақстан — мұнай-газ экспорты бойынша көшбасшы елдердің бірі. Бірақ жасыл экономикаға көшуге ынталы. Еліміздің 2060-шы жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге бейілді екендігін мемлекет басшысы қадап айтты. Сондықтан конгресте климаттың өзгеруіне қарсы күрес тақырыбы да басты назарда болмақ.