Астанада джип көлігін ұрлап келген қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полицейлері қымбат көліктерді ұрлайтын қылмыстық топты тұтқындады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанада джип көлігін ұрлап келген қылмыстық топ құрықталды

Елордалық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, 23 наурыз күні түнде белгісіз біреулер 187 көшесіндегі тұрғын үйдің ауласынан «Toyota Land Crusier 200» автомашинасын ұрлап әкеткен. Күдікті ретінде Павлодар мен Қостанай облысының және Ресей Федерациясының азаматтары ұсталды. 

ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтың айтуынша, «жедел қызметкерлер қала аумағында бірнеше рет қымбат машиналарды ұрлаған, құрамына төрт адам кіретін қылмыстық топты тұтқындады». Күдіктілердің уақытша тұратын жерін тінту барысында көлік құралдарын ұрлауға арналған жабдықтар мен құралдар табылған.

Сондай-ақ, К.Байсейітова көшесіндегі көлік тұрағынан және М.Дулатов көшесіндегі контейнерден бұрын ұрланған екі көлік («Toyota Land Crusier 200» және «Toyota-RAV4») табылды.

Қазіргі таңда ҚР ҚК «Ұрлық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тұтқындалушылар Астана қалалық ІІД УҚО-ға қамалды.