Астанада дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионаты басталады

АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінің базасында дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы 35-әлем чемпионаты басталды.
None
None

Чемпионат 1-5 шілде аралығында ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік армия спорты кеңесінің және Қазақстан дзюдо федерациясының қолдауымен өтеді. Шараға қатысу үшін 28 елден 300-ге тарта спортшы келген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстандық армияшылар құрамасында еліміздің осы спорт түріндегі бірқатар мықты спортшылары бар. Мәселен, 2011 жылғы 5-бүкілармиялық ойындардың қола жүлдегері, кіші сержант Тен Алина, 2013 жылғы жастар арасындағы әлем кубогының иегері, қатардағы жауынгер Баймаханбетов Мейірлан, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер достас армияларының ІХ спартакиадасының жеңімпазы Жұмақан Елдос, 2011 жылғы әлем кубогының жүлдегері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, кіші сержант Файзоланова Зәмзәгүл және басқа да спортшылар бар.

Чемпионаттың алғашқы күні ашылу рәсімі және командалық жарыстар, одан кейінгі күндері 60, 66, 73, 81, 90, 100 кг дейінгі және 100 кг жоғары салмақ дәрежелері бойынша жеке сайыстар өтеді.

Айта кету керек, Қазақстан әскери қызметшілер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатын ТМД елдері ішінде тұңғыш рет өткізіп отырған мемлекет. Чемпионаттың ашылу рәсіміне Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысып, спортшыларға ақ жол тіледі.

Соңғы жаңалықтар