Астанада «Е-жедел жәрдем» көліктері пайда болады
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада ағымдағы жылдың желтоқсанында жедел медициналық жәрдем көліктері заманауи жабдықтармен және GPS-навигациялармен жарақтандырылған «Е-жедел жәрдемдер» ілкі жобасы іске қосылады.
Бұл туралы «Астана Innovations» АҚ-дан хабарлады.
«Ағымдағы жылдың желтоқсанында Астана қаласында «Е-жедел жәрдем» ілкі жобасы іске қосылады. 60 жедел жәрдем көлігі құрамына GPS-навигатор, IP-телефония, планшет негізіндегі электронды анықтамалық енетін - заманауи ақпараттық-аппарат кешенімен жабдықталатын болады», - делінген таратылған хабарламада.
Мәлім етілгендей, жедел жәрдем көліктерін GPS-навигация жүйесімен жабдықтау науқастың үйіне анағұрлым тезірек жетуге, ал IP-телефония - льдшерге кезекші дәрігермен «байланыста» болуға, видеорежімде кеңестер алуға және шұғыл оталарға дайын отыру үшін кезекші бөліммен байланысып отыруға мүмкіндік береді. Электронды анықтамалық сырқаттың белгілеріне нақтырақ диагностика жасауға және жағдайға байланысты жасалуы тиіс шұғыл іс-қимылдар бойынша кеңестер береді.
«Е-жедел жәрдем» жобасы орталықтандырылған басқаруды, сервис пен қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қарастыратын қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Smart Astana» («Ақылды қала») жалпы тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
«Астана Innovations» - Астана әкімдігінің құрылымдық бөлімшесі, елорданың инновациялық дамуын қамтамасыз етеді. Өкілетті мемлекеттік органы «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының әкімшілендіруін басқару» ММ болып табылады.