Астанада егіз ағайынды құтқарушы болып бірге қызмет етеді

АСТАНА. KAZINFORM — 19 қазан — Құтқарушылар күні. Астанадағы Асқар Забикулин атындағы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде егіз ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтар жеті жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада егіз ағайынды құтқарушы болып бірге қызмет етеді
Фото: Астана әкімдігі

Осы уақыт ішінде олар түрлі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және қала тұрғындарын құтқаруға қатысқан.

Ағайынды Кемаладиновтар Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. 2015 жылы отбасымен бірге Астанаға қоныс аударған. Колледжді тәмамдап, әскери борышын өтеген соң, 2019 жылы өрт сөндіру қызметіне орналасқан.

Астанада егіз ағайынды құтқарушы болып бірге қызмет етеді
Фото: Астана әкімдігі

Егіздердің бұл мамандықты таңдауына өрт сөндіруші болып қызмет еткен ағалары Айдархан Кемаладинов ықпал еткен.

 — Отбасымызда төрт ағайындымыз. Біздің алдымызда ағамыз бен әпкеміз бар. Біз — үйдің кенжесіміз. 2019 жылы 21 жасымызда қызметке келгенде, ұжымдағы ең жас мамандардың қатарында болдық. Тәжірибелі әріптестерімізден көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Асқар Забикулинді үлгі тұтамыз. Болашақта білімімізді жалғастырып, офицерлік құрамға қосылуды жоспарлап отырмыз, — дейді Айсұлтан Кемаладинов.

Құтқарушылардың жұмысы жоғары физикалық дайындықты, төзімділікті және шұғыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Олар тәуліктік кезекшілік атқарып, шақырту түскен сәтте оқиға орнына аттануға дайын тұрады.

Айсұлтанның айтуынша, өрт сөндірушілер тек қала аумағындағы оқиғаларға ғана емес, қажет болған жағдайда басқа өңірлердегі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға да жұмылдырылады.

 — Әдетте кезекшілік кезінде өртке байланысты екі-үш шақырту түседі. Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғаларына, лифтіде қалып қойған немесе басқа да қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге шығамыз. Қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге де дайынбыз, — дейді ол.

Өрт сөндірушілер үшін әр минут маңызды. Шақырту түскен бойда жеке құрам арнайы киімдерін киіп, өрт сөндіру техникасымен оқиға орнына шұғыл аттанады.

Құтқарушылардың қорғаныс киімі мен құрал-жабдықтарының жалпы салмағы 30 келіге дейін жетуі мүмкін. Ал сығылған ауасы бар тыныс алу аппаратының салмағы шамамен 12 келіні құрайды.

Егіздердің бірі Нұрсұлтан Кемаладинов өрт сөндіру кезінде физикалық күшпен қатар, командалық жұмыстың да маңызды екенін атап өтті.

Астанада егіз ағайынды құтқарушы болып бірге қызмет етеді
Фото: Астана әкімдігі

Бүгінде Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтар Асқар Забикулин атындағы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметін жалғастырып келеді. Ағасының жолын қуып, бір мамандықты таңдаған егіздер үшін басты міндет — төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұрын Президент құтқару саласы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттағанын жазған едік.